М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Химия – 2026: Ғылым мен өндірістің тұрақты дамуының негізі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды жиын химия саласындағы ғылыми зерттеулер мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ саланың өзекті мәселелерін талқылауға арналды.
Конференцияның ашылу рәсімінде университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Дархан Ахмед Заки Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын оқып, жиын қатысушыларына ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар халықаралық ғылыми алаңдардың ғылым мен білімнің дамуына қосатын үлесі зор екенін атап өтті.
Пленарлық отырыс барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі М.М. Бүркітбаев «ҚазКСР ҒА академигі А.Б. Бектұров – Қазақстандағы химия ғылымы мен білімінің негізін қалаушы» тақырыбында баяндама жасап, еліміздегі химия ғылымының қалыптасуы мен даму тарихына тоқталды.
Халықаралық конференцияға отандық және шетелдік ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, жас зерттеушілер мен өндіріс саласының өкілдері қатысып, химия ғылымының заманауи бағыттары мен саланың тұрақты дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
