Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында «Көрме» орталығында 30 отбасыға жаңа пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатысты. Көпқабатты тұрғын үйлер қаланың қарқынды дамып келе жатқан тұрғын аудандарының бірі – Бозарық шағынауданында орналасқан.
Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ-тың «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары аясында берілді. Қала әкімі қоныс иелерін маңызды оқиғамен құттықтап, биыл қалада 7 386 пәтерді пайдалануға беру жоспарланғанын атап өтті.
Бүгінде 2 563 отбасы баспанамен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 1 650 отбасы ипотекалық бағдарламалар арқылы тұрғын үй алған болса, тағы 913 отбасы жалдамалы пәтермен қамтылған. Жыл соңына дейін қалған пәтерлер де кезекте тұрған азаматтар мен мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының қатысушыларына табысталады.
Аралау барысында қала әкімі «Food City» көтерме-тарату және логистикалық сауда орталығында болды. Жалпы сауда алаңы 30 мың шаршы метрді құрайтын нысанда 300 сауда орны жұмыс істейді. Жоба аясында шамамен 800 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Сонымен қатар Майлы қожа көшесі мен Сәуле шағынауданындағы Наурызым көшесінде жүргізіліп жатқан жол құрылысы жұмыстары тексерілді. Мердігер ұйымдарға барлық жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.
Қала әкімі №2 балалар саз мектебінің жұмысымен де танысты. Бұған дейін тұрғындармен өткен көшпелі кездесу барысында мектеп аумағына қоршау орнату мәселесі көтерілген болатын. Нысанды зерделеу нәтижесінде қоршау орнатудың орынсыз екені анықталды.
Сондай-ақ Тұран ауданындағы бұрынғы «Қандастарды бейімдеу орталығының» бос тұрған ғимараты қаралды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына ғимараттың техникалық жағдайын анықтау үшін тиісті зерттеу жүргізу тапсырылды.
