Чт. Июн 25th, 2026
Шымкент қаласы әкімінің 2026 жылғы 19 мамырдағы №2215 қаулысына сәйкес Балалар құқықтарын қорғау басқармасы құрылды. Басқарманың негізгі міндеттерінің бірі – балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заңды мүдделерін сақтау.
Жазғы демалыс кезеңінде балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері басқарманың ерекше бақылауында болады.
2026 жылы Шымкент қаласындағы жалпы орта білім беру ұйымдарының 1–10 сыныптарында білім алатын 262 790 оқушының жазғы демалысын ұйымдастыру жоспарланған. Оның ішінде 245 753 оқушы немесе 93,5 пайызы түрлі сауықтыру, танымдық, мәдени-көпшілік және тәрбиелік іс-шаралармен қамтылатын болады.
Жазғы демалысты ұйымдастыру барысында мемлекеттік қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы, толық емес және аз қамтылған отбасылардың балаларына басымдық беріледі.
Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының 124 тәрбиеленушісі жазғы демалысын Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы «Көктөбе» жазғы сауықтыру лагерінде өткізеді. Лагерь мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша анықталған.
Балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жазғы демалыс кезеңінде құқық бұзушылықтардың, зорлық-зомбылықтың, қатыгездік көрсетудің, қараусыз қалдырудың және өзге де заңсыз әрекеттердің алдын алу жұмыстары күшейтіледі.
Балалардың құқықтарының бұзылуы немесе олардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жағдайлар туралы ақпарат белгілі болған жағдайда азаматтар келесі байланыс арналарына хабарласа алады:
* 111 – Отбасы, әйелдер және балалар мәселелері жөніндегі байланыс орталығы (тәулік бойы);
* 1310 – Психологиялық қолдау қызметі;
* 102 – Полиция органдарының жедел желісі;
* 103 – Жедел медициналық жәрдем қызметі.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының тұрғындары балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тәулік бойы ақпараттық-консультациялық көмек ала алады.
Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау – мемлекеттік органдардың ғана емес, ата-аналардың, педагогтердің және қоғамның ортақ міндеті. Әрбір бала қауіпсіз ортада өмір сүріп, сапалы білім алып, жан-жақты дамуға құқылы.
Осыған байланысты тұрғындарды балалардың құқықтарының бұзылуы немесе олардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жағдайлар анықталған кезде құзырлы органдарға дер кезінде хабарлауға шақырамыз.
Балалардың қауіпсіздігі – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *