Шымкент қаласында тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету және олардың тұрғын үй жағдайын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда.
Бүгінгі таңда баспана кезегінде тұрған 2 865 отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алды. Оның ішінде 1 800 отбасы несиелік тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, тағы 1 065 отбасы жалға берілетін пәтерлерге ие болды.
2026 жылдың соңына дейін кезекте тұрған тағы 4 521 азаматты үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Оның ішінде 1 753 жалға берілетін пәтер және 2 768 несиелік бағдарлама аясындағы пәтер беріледі.
Осылайша, биыл іске асырылып жатқан тұрғын үй бағдарламалары аясында 7 386 кезекте тұрған азамат баспанамен қамтамасыз етіледі.
Тұрғын үй жобаларын іске асыру Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін кезең-кезеңімен шешуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
