Пт. Ноя 22nd, 2024

Ерікті латынның «voluntarius» сөзінен шыққан, адамның өз еркімен, өзінің есебі арқылы қоғамдық жұмыстарға белсенді араласушы деген сөз.

Ал қоғамда олардың орны ерекше. Өйткені еріктілер жасаған жақсылықтары үшін өтемақы немесе материалдық қажеттілік талап етпейді. Олар көмектесуді парыз деп санайды. «Еріктілер деген кім, олар немен айналысады, олар не үшін мұндай жақсылықтарға барады?» деген сұрақтарға бүгін жауап іздейтін боламыз.
Қазіргі таңда жастарымыз қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүр. Мұқтаж жандарға көмек қолын созып, табиғатты аялап ұстауға үндейтін тұрғындардың қатары күн санап өсіп жатыр. Мейірім мен жылулық жоғалған заманда еріктілердің көбеюі көңіл қуантарлық іс. Осыған орай, еліміздің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген ордабасылық ерікті жастар Түркістан қаласында бас қосты. Киелі шаһарда орналасқан Халықаралық туризм және меймандостық университетінде ұйымдастырылған семинарда волонтерлық жайлы жан-жақты ақпараттар берілді. Алқалы жиынға қоғам белсенділері мен тәжірибелі волонтерлар қатысып, жас өрендерге жол сілтеді.
Семинар барысында қатысушылар түрлі психологиялық ойындар ойнап, тың жобалармен танысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мейірім мен түсіністік орнаған жерде игі іске жастарды бір кісідей жұмылдыруға болады. «Бүгінгі семинарға 50-дан аса ерікті қатысты. Кейбірінің жасы тіпті 15-те. Олар қоғамдық жұмыста өте белсенді.Біздер еріктілікпен айналысып, мемлекетімізді гүлдендіруге тиістіміз»,-дейді еріктілер ұйымының жетекшісі Жасмин Әшімова.

Семинар соңында жастар Түркістанның туристік нысандарымен танысып, тарихи мұражайға барып, мұрағаттарды тамашалап, киелі шаһардан рухани азық алып қайтты.

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *