Пт. Дек 6th, 2024

Жуырда Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы бастаған бір топ журналистер Түркияға барды. Олар Аланья қаласында өткен Жаһандық журналистер кеңесі (KGK) ұйымдастырған 3-Жаһандық медиа форуымына қатысты.

Жаһандық журналистер кеңесі (KGK) ұйымдастырған 3-Жаһандық медиа форумда 32 елден 50-ге жуық шетелдік журналист және Түркиядан 200-ге жуық жергілікті және негізгі БАҚ өкілдері бас қосты. Олардың  қатарында Қазақстан, Ресей, Швеция, Финляндия, Солтүстік Македония, Әзербайжан, Моңғолия, Сирия, Сауд Арабиясы, Үндістан және тағы да басқа бірқатар елдердің өкілдері бар. Alanya Eftelia Marin қонақүйінде өткен семинарда 200-ге жуық жергілікті және шетелдік журналистер ұлттық және халықаралық ауқымдағы көптеген маңызды мәселелерді талқылады. Шетелдік журналистерге ағылшын және орыс тілдеріне ілеспе аудармамен қатар, онлайн аударма мүмкіндіктері ұсынылды.

«Біздің көзқарасымыз бір. Ең маңыздысы достық пен өзара құрметті сақтау. Басты мақсатымыз – бауырлас халықтардың қарым-қатынасын жақсы деңгейде ұстап тұру», – деп атап өтті отырыста «Dünya» газетінің экономика бөлімінің басшысы Ахмет Джошкунайдын.

Форум барысында әлемдік қаржы дағдарысының проблемалары, журналистер арасында жұмыс орындарының азаюы, сондай-ақ сөз бостандығына көрсетілетін қысым жайы да айтылды. Журналистердің халықаралық өзара іс-қимылын нығайтудың маңыздылығын барлық қатысушылар тілге тиек етті.

Негізгі БАҚ мүшесі Толга Шарданның журналист екендігі және оны мүмкіндігінше тезірек босату керектігі қозғалды. Президент Мехмет Али Димнің журналистердің проблемалары туралы айтқан сөздерінің әсерін күшейту мақсатында жергілікті және жалпыұлттық бұқаралық ақпарат құралдарының алдында тұрған кәсіби мәселелерге қатысты ұсыныстар мен ескертулер туралы хабардар болу үшін баспасөз хабарламалар, жарнамалық материалдар мен бағдарламалар шығару туралы шешім қабылданды.

Форумның соңғы бөлімінде KGK сайланған басқармалар мен ассамблеялар өткізген отырыстарда Түркия Республикасының 100 жылдығына орай халық дипломатиясына үлес қосатын салалар белгіленіп, қажетті жоспарлар жасалып, 2024 жылға жол картасы ұсынылды.

«Ататүрік құрған елге келу менің балалық арманым еді. Мен бұл арманның орындалғанына өте қуаныштымын», – деді үндістандық өкіл.

KGК ұйымдастырған медиа форумда үздік журналистер марапатталып, арнайы сертификаттар берілді. Әр елден келген өкілдер форум аясында Аланья қаласындағы тарихи көрнекі орындарды аралады.

Форум Гала түні және жаһандық жетістіктерді марапаттау рәсімімен аяқталды. Онда еліміздің тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Жаһандық ғылым сыйлығымен марапатталды. Осылайша Түркия төрінде 550-ден астам қонақ қатысқан мерекелік кеш түрлі іс-шараларға ұласты.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *