Шымкент қаласы Асар-2 елді мекені тұрғындарын табиғи газға қосу жұмыстары жалғасып жатыр.
Бүгін Асар-2 елді мекеніндегі 13 үйге көгілдір отын беріле бастады. Абоненттеу жұмыстары «ҚазТрансГаз» АҚ-ы тарапынан жүзеге асырылып жатыр.
—Өткен жылдары Шымкентте газ тапшылығына байланысты жаңа абоненттермен техникалық шарт жасасуға мараторий жарияланған болатын. Биыл 31 қаңтар күні сол шектеу алынып тасталды. Содан бері 2 мыңнан астам тұтынушымен техникалық шарт жасалған. Ал, жақында еліміздегі ең ірі автоматтандырылған газ тарату станцияларының бірі — АГРС-3 станциясы іске қосылғаны белгілі. Оның қуаттылығы сағатына 250 мың текше метрді құрайды. Нәтижесінде, Шымкентте газ тапшылығы мәселесі толығымен шешіліп, ішкі жүйелері жүргізілген барлық елді мекендерге газ беріле бастады. Соның ішінде бүгін Асар-2-де 13 тұрғын үй газға қосылды, — дейді Шымкент қаласы әкімдігі энергетика басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде 2021 жылы құрылысы аяқталған Бадам-195 орам, Достық, Азат, Асар-2 елді мекендері және Тассай бөлімшесіне газ беру үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, қазіргі уақытта қала тұрғындарының 93 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 94,7 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Шымкент қалалық мәслихат депутаты, “AMANAT” партиясының фракция мүшесі Аширбаев Байкен Аширбайұлы