Қатерлі ісікке шалдыққан науқастар енді операциядан кейін тезірек аяққа тұрып, емін уақыт жоғалтпай жалғастыра алады. Осы мақсатта Шымкент қаласындағы Онкологиялық орталығы бар көпбейінді ауруханада заманауи лапароскопиялық операциялар бойынша екі күндік халықаралық шеберлік сабағы өтті.
Оған Мәскеу қаласындағы «Фомина» клиникалар желісінің бас хирургі Александр Жаугашев арнайы қатысып, Шымкенттің дәрігерлерімен бірлесіп асқазан, қуық, жатыр мойны, ішек және ұйқы безі обырына шалдыққан науқастарға күрделі лапароскопиялық операциялар жасады.
Лапароскопиялық әдістің басты ерекшелігі – үлкен тілік жасалмай, бірнеше шағын тесу арқылы ота жүргізіледі. Соның нәтижесінде операциядан кейінгі ауырсыну азайып, науқастың қалпына келу мерзімі қысқарады. Сонымен қатар, химиотерапия секілді кешенді емнің келесі кезеңін уақыт оздырмай бастауға мүмкіндік береді.
Шеберлік сабағы барысында барлық операция онлайн форматта көрсетіліп, еліміздің әр өңіріндегі хирургтер тікелей эфир арқылы тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.
Бұрын тек шетелдік клиникаларда кеңінен қолданылған жоғары технологиялық лапароскопиялық операциялар бүгінде Шымкентте де сәтті орындалуда. Мұндай аз инвазивті әдіс арқылы жасалған операциядан кейін пациенттер екінші күні-ақ өздігінен қозғалып, тамақтанып, қалыпты өміріне біртіндеп орала бастайды.
Мамандардың айтуынша, онкологиялық операциялардың 80–90 пайызын лапароскопиялық әдіспен жасауға мүмкіндік бар. Бұл тәсіл операциядан кейінгі асқынулар қаупін азайтып, науқастардың тез сауығып, кешенді емнің келесі кезеңіне уақыт жоғалтпай көшуіне жағдай жасайды.
