Шымкент қаласының Әділет департаменті 2026 жылдың І жартыжылдығында азаматтардың құқықтарын қорғау, құқықтық көмектің қолжетімділігін арттыру, атқарушылық іс жүргізу жүйесін жетілдіру және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізді.
Конституциялық реформалар аясында адвокатура институтының мәртебесі күшейтіліп, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау тетіктері жетілдірілді. Бұл өзгерістер азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ құқықтық жүйеге деген сенімді нығайтуға бағытталған.
Атқарушылық іс жүргізу саласында сот актілерінің орындалу тиімділігін арттыру, процестерді автоматтандыру және цифрлық сервистерді дамыту бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізілді. «Робот-сот орындаушы» және «Тараптар кабинеті» сервистері азаматтарға мемлекеттік қызметтерді ашық әрі қолжетімді форматта пайдалануға мүмкіндік беруде.
Сонымен қатар, нотариат, адвокатура және құқықтық кеңес беру қызметтері цифрлық платформалар арқылы кеңейтіліп, онлайн қызмет көрсету көлемі ұлғайды. Азаматтарға құқықтық көмек көрсету сапасын арттыру және мемлекеттік қызметтердің тиімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
