Чт. Авг 6th, 2026
Шымкентте кәсіпкерлікті қолдау, сауда инфрақұрылымын жаңғырту және шағын өндірісті дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Қалада бүгінде 133 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бұл сектор өңір экономикасының маңызды бөлігін құрап, халықты жұмыспен қамтуға және өндіріс көлемін ұлғайтуға елеулі үлес қосуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша салада жұмыспен қамтылғандар саны 259 мың адамға жетіп, өндірілген өнім көлемі 4,6 трлн теңгеден асты. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 56 пайызды құрады.
Кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. 2026 жылы «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында кәсіпкерлікті қолдауға 14,54 млрд теңге қарастырылды. Жылдың алғашқы бес айында 1 430 жобаға субсидиялау тетігі арқылы қолдау көрсетілді. Сонымен қатар «Өрлеу» бағдарламасы және кепілдендіру құралдары арқылы ондаған кәсіпкер жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізді. «Іскер аймақ» бағдарламасы шеңберінде де жаңа жобаларға жеңілдетілген несиелер берілуде.
Кәсіпкерлік белсенділігін ынталандыру мақсатында бөлшек салық мөлшерлемесінің төмендетілуі өз нәтижесін беріп, бюджет кірістерінің артуына ықпал етті. Бұл шешім кәсіпкерлердің ашық жұмыс істеуіне және бизнесті дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырды.
Қалада шағын өнеркәсіптік аймақтарды дамыту жұмыстары да қарқынды жалғасуда. Жалпы құны 26,6 млрд теңгені құрайтын үш ірі жоба аясында өндірістік ғимараттар салынып, кәсіпкерлерге дайын өндірістік алаңдар ұсынылуда. Бағдарлама толық іске асқанда 50-ден астам жаңа кәсіпорын ашылып, жүздеген жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке қосымша салық түсімдері қамтамасыз етіледі.
Сотталғандарды еңбекпен қамту бағытындағы жұмыстар да оң нәтижесін көрсетуде. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде кәсіпкерлер өндіріс орындарын орналастырып, жаңа жұмыс орындарын ашуда. Сонымен қатар бірқатар мекемелердің аумағын шағын индустриялық аймақ ретінде дамыту жөніндегі шешімдер қабылданып, өндірістік инфрақұрылым кеңейтілуде.
Сауда саласында да оң динамика сақталды. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында бөлшек сауда көлемі 628,4 млрд теңгеге, көтерме сауда көлемі 1,3 трлн теңгеден асып, қаланың жалпы сауда айналымы 1,989 трлн теңгеге жетті.
Қаладағы сауда инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бірқатар сауда базарларында жаңғырту жұмыстары аяқталып, қалған нысандарда құрылыс белгіленген жоспарға сәйкес жалғасып жатыр. Бұл тұрғындарға қолайлы сауда ортасын қалыптастырып, кәсіпкерлік қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған.

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *