Қариялар – қоғамның рухани тірегі, өмірлік тәжірибенің қайнар көзі. Олардың парасаты мен ұйымдастырушылық қабілеті жастар тәрбиесінде және қоғамдық мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында өткен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің есеп беру-сайлау конференциясында кеңінен талқыланды.
Жиында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Бүгінде қалада 101 мыңнан астам ардагер тұрады, оның 1300-і – тыл ардагерлері. Сондай-ақ, жасы 100-ден асқан 14 қария – шаһар мақтанышы.
Ардагерлерді қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қалада 5 «Белсенді ұзақ өмір орталығы» жұмыс істейді. Сонымен қатар, 120 орындық «Ізетті зейнеткер» демалыс үйі пайдалануға беріліп, бір жыл ішінде 4300-ге жуық ардагердің денсаулығын жақсартуына мүмкіндік жасалды.
Конференцияда «Әкелер мектебі» мен «Аналар кеңесі» жұмыстарының жандануы атап өтіліп, олардың қоғамдағы тәрбие ісіне қосып отырған үлесі жоғары бағаланды. Сонымен қатар, жастар арасындағы отбасы құндылықтарына қатысты өзекті мәселелер де көтерілді.
Жиын қорытындысы қариялардың қоғамдағы белсенді рөлі мен өнегесінің маңызын тағы бір мәрте айқындады.
