Шымкент қаласында жақында ашылған Комьюнити орталығында жастарға арналған «Өзіңе сену – ең үлкен жеңіс» тақырыбында мотивациялық семинар-тренинг өтті. Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған жиынға «Тұран» жоғары медициналық колледжінің студенттері қатысты.
Мұндағы мақсат – жастардың өзіне сенімін арттыру, олардың ішкі әлеуетін ашуға бағыт беру, өмірлік мақсаттарын айқындауға көмектесу және психологиялық қолдау көрсету.
Семинарда «Тұран» жоғары медициналық колледжінің педагог-психологы Гүлмира Шынарбаева және Жастар ресурстық орталығының психолог маманы Жібек Сайдахан қатысушыларға өз-өзін дамыту, эмоционалды тұрақтылық, көшбасшылық қабілет және өмірлік құндылықтар тақырыптарында пайдалы ақпараттар берді. Түрлі психологиялық және топтық жаттығулар ұйымдастырылып, жастар өз ойларын еркін жеткізді, болашаққа деген жоспарларын бөлісті.
Кездесу барысында әр адамның жетістікке жету жолы алдымен өзіне сенуден басталатыны айтылып, жастарға жігер мен шабыт сыйлайтын кеңестер берілді. Қатысушылар белсенділік танытып, өз мүмкіндіктерін бағалай білу, дұрыс мақсат қою және қиындықтарды жеңу жолдары туралы ой бөлісті.
