Бүгінде Шымкент қаласында білім беру мекемелеріндегі күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Мердігер мекемелерге қойылатын басты талап – құрылысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау. Осыған орай, Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшелері шаһардағы бірқатар мектептердегі құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Бұхарбай Парманов бастаған Қоғамдық кеңес өкілдері алдымен А.Макаренко атындағы №41 мектеп-лицей ғимаратындағы күрделі жөндеу жұмыстарын аралап көрді. Қазіргі таңда мұнда мердігер «Югстройсервис-Н» ЖШС-ның 100 қызметкері жұмыс істеуде. Учаске бастығы алдағы уақытта жұмысшылар санын 200-ге дейін көбейтетінін айтты. Жоспарға сәйкес, мектептің жылу жүйесі де толық жаңартылмақ. Жалпы, құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізілуде.
– Ең бастысы – сапаға мән беріңіздер. Қала әкімдігімен бірлесе отырып, Қоғамдық кеңес тарапынан да құрылыс жұмыстарының барысы тұрақты бақылауда болады. Жұмысты уақытында аяқтау үшін адам санын көбейту қажет. Сапалы жұмыс – басты талап, – деді Бұхарбай Рысқұлұлы.
Қазіргі таңда №46 мектеп-лицей ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары да басталған. Мердігер мекеме мектептің қасбеті мен шатырын жаңарту жұмыстарын жүргізуде. 2700 оқушы білім алатын нысандағы құрылыс жұмыстарын тамыз айының ортасында аяқтау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, ұлдарға арналған №1 оқу-инновациялық лицей-интернатының жатақханасында, №106 «Қайнарбұлақ» жалпы орта білім беретін мектебінде және Хамза атындағы №42 жалпы орта білім беретін мектеп ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Қоғамдық кеңес мүшелері мен қалалық құрылыс басқармасының өкілдері аталған білім беру мекемелерінде болып, мердігерлерге жұмысты сапалы әрі уақытылы орындау қажеттігін ескертті.
