Жыл сайын 2 сәуірде әлемнің көптеген елінде Халықаралық балалар кітабы күні атап өтіледі. Бұл мереке 1967 жылдан бері тойланып келеді және оның негізгі мақсаты – балалар әдебиетін насихаттау, жас ұрпақты кітап оқуға баулу.
Атаулы күннің маңызы ерекше. Себебі кітап – баланың ой-өрісін кеңейтіп, таным көкжиегін қалыптастыратын маңызды құрал. Әсіресе, балалар әдебиеті жас ұрпақтың қиялын дамытып, тіл байлығын арттыруға, рухани-адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіруге ықпал етеді.
Халықаралық балалар кітабы күні аясында түрлі мәдени-ағартушылық іс-шаралар, кітап көрмелері мен әдеби кездесулер ұйымдастырылып, балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған бастамалар жүзеге асырылады.
Мамандардың айтуынша, ерте жастан кітап оқуға дағдыланған бала білімге құштар, ойы ұшқыр, саналы азамат болып қалыптасады. Сондықтан өскелең ұрпақты кітап оқуға баулу – қоғамның маңызды міндеттерінің бірі.
