Вт. Май 26th, 2026
Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң талаптарын сақтау, балалардың жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыру, сондай-ақ, спорт саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асыру және биылғы тапсырмалар қаралды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қадырбековтің айтуынша, 2026 жылғы 19 мамырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына және мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойған.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі – мемлекеттік қызметке іріктеудің толықтай «E-қызмет» жүйесі арқылы цифрлық форматқа көшуі. Бұл кадрлық процестердің ашықтығын қамтамасыз етіп, түрлі саладан мамандар жұмылдыруға мүмкіндік береді.
Заңда мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға бағытталған шаралар да қарастырылған. «Б» корпусының қызметкерлері үшін «мансапта көлденең жоғарылау» тетігі енгізіліп, лауазым деңгейі жалақы мөлшеріне әсер ететін болады.
Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуына ерекше көңіл бөлінген. Еңбек өтілі 25 жылдан асқан қызметкерлерге зейнетке шыққанда төрт лауазымдық айлық көлеміндегі төлем, қосымша ақылы еңбек демалысы, сондай-ақ, үстеме жұмысы мен демалыс және мереке күндеріндегі жұмысының төлемақысына кепілдіктер қарастырылған.
Сонымен қатар, құқық бұзушылықтардың алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау шаралары күшейтіледі. Мемлекеттік органдарда арнайы профилактикалық қызметтер құрылып, кадр бөлімдері адами капиталды стратегиялық басқару жүйесіне көшеді.
Білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов биыл 245 мыңнан астам оқушы жазғы демалыспен қамтылатынын баяндады. Лагерьлерге жолдама беру кезінде әлеуметтік осал санаттағы балаларға – аз қамтылған, көп балалы және толық емес отбасылардан шыққан, сондай-ақ, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға басымдық беріледі.
Қала сыртындағы лагерьлерде 11 мыңнан астам бала демалады. Осы мақсатта Шымкент қаласы мен Түркістан облысы аумағындағы «Ақсу», «Үркер», «Үш бұлақ», «Қазығұрт турбазасы» және «Көктөбе-1» лагерьлері пайдаланылады. Сонымен қатар, 224 мыңнан астам оқушы мектеп жанындағы алаңдар мен «Kitap CAMP», «PROF START» және «EduCampShym» жазғы білім беру жобаларымен қамтылады.
Бұдан бөлек, әкімдік резиденциясы №2 Оқушылар сарайының теңгеріміне беріліп, онда дарынды балаларға арналған 30 орынды оқу-сауықтыру лагері құрылуда. Нысанда оқу кабинеттері, кітапхана, бассейн, медициналық кабинет және спорт жабдықтары қарастырылған. Сондай-ақ, Түлкібас ауданындағы «Машат-Арасан» лагерін іске қосуға дайындық жүргізілуде.
Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Жолдықараев қалада спорт саласы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 5 жоба жүзеге асырылып жатқанын хабарлады. Соның нәтижесінде 130-дан астам жұмыс орны ашылған.
Қазіргі таңда футбол, жекпе-жек, командалық спорт түрлері, ату спорты және өзге де бағыттардағы спорт нысандары жұмыс істеп тұр. Тегін спорт секцияларымен 1 550-ден астам бала мен жасөспірім қамтылған.
Балалар футбол, бокс, дзюдо, самбо, грек-рим және еркін күрес, кикбоксинг, таэквондо, гандбол, баскетбол, садақ ату, қабырға және оқ ату спорт түрлерімен айналысады.
Бірқатар тәрбиеленуші кәсіби клубтар мен қалалық спорт мектептеріне, соның ішінде «Ордабасы» футбол клубына, «Оңтүстік академиясына» және мамандандырылған спорт мектептеріне қабылданған.
Кеңес қорытындысында қала әкімі жаңа «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді, балалардың сапалы әрі қауіпсіз жазғы демалысын бақылауды күшейтуді және спорт саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобаларды тиімді жүзеге асыруды жалғастыруды тапсырды.

от admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *