Түркістан облысы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының қызметкерлері бейнебақылау камералары арқылы кезекті құқық бұзушылықты анықтады. Инспекторлардың назарына күндізгі уақытта Түркістан қаласындағы Саттарханов даңғылы бойында мопед жүргізушісінің жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, алдыңғы дөңгелегін көтеріп “трюк” жасап жүрген сәті түсті.
Құқық бұзушылықтың жолын кесу үшін оқиға орнына жақын маңдағы полиция қызметкерлеріне дереу хабар берілді. Автоэкипаж жедел әрекет етіп, мопед жүргізушісін тоқтатуға әрекет жасаған. Алайда жүргізуші полицейлердің заңды талабына бағынбай, қашуға тырысқан. Десе де тәртіп сақшылары оны тоқтатып, мопедті айыптұраққа қойды.
Анықталғандай, 19 жастағы жас жігіт мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ мопедті жүргізуші куәлігінсіз басқарған. Сондай-ақ ол басқа да жол қозғалысына қатысушыларға авариялық жағдай туғызған. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша жас жігіт 6 бірдей әкімшілік баппен жауапқа тартылды.
Полиция азаматтарға көлік құралын жүргізуші куәлігінсіз басқаруға, жол қозғалысына қауіп төндіруге және өзге жүргізушілерге әдейі кедергі келтіруге жол берілмейтінін ескертеді.
