Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс саласында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.
Басқарма басшысының орынбасары Алиярхан Рустембаевтың мәліметінше, биыл аумақтық қорғаныс бағытында бірқатар ауқымды оқу-жаттығулар ұйымдастырылған. Атап айтқанда, ақпан айында 50120 әскери бөлімінің қатысуымен командалық-штабтық жұмылдыру оқу-жаттығуы өткізіліп, әскери жағдай енгізілген кездегі іс-қимылдар пысықталды. Сонымен қатар, әскери міндеттілерді қабылдау, жұмылдыру техникасын жинақтау және маңызды нысандарды күзету бойынша практикалық шаралар көрсетілді.
Сәуір айында «Ақтас» оқу полигонында әскери міндеттілердің қатысуымен тактикалық-арнаулы оқу-жаттығу жиыны өтті. Оған Шымкент қаласынан 157 әскери міндетті шақырылып, теориялық және практикалық дайындықтан өтті. Жаттығу барысында маңызды стратегиялық нысандарды қорғау, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасау және төтенше жағдайларда жедел әрекет ету тәсілдері пысықталды.
Оқу-жаттығулардың қорытындысында жоғары нәтиже көрсеткен әскери міндеттілер марапатталып, 62 азаматқа арнайы әскери шендер табысталды. Мамандар мұндай іс-шаралар қаланың қорғаныс қабілетін арттырып, әскери резервтің дайындығын нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
