Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қытай Халық Республикасының Сиань қаласынан келген Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі, Сиань қалалық партия комитетінің хатшысы Хэ Вэньцюань бастаған делегациямен кездесті.
Кездесу барысында екі қала арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ туризм, логистика, мәдениет және гуманитарлық саладағы әріптестікті нығайту мәселелері талқыланды.
Қала әкімі тарихи Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Шымкент пен Сиань қалаларының өңіраралық байланыстарды дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстандағы ірі мегаполистердің бірі әрі маңызды көлік-логистикалық орталық саналатын Шымкенттің халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және инвестиция тартуға ерекше мән беретінін жеткізді.
Кездесу барысында туризм мен көлік қатынастарын дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Бүгінде Шымкент пен Қытай қалалары арасында тікелей әуе рейстері жүзеге асырылып келеді. Бұл өз кезегінде іскерлік және мәдени байланыстардың нығаюына ықпал етуде. Сондай-ақ «Қытай – Орталық Азия» халықаралық мәдени-туристік пойызы жобасы және оның бағытына Шымкент қаласын енгізу мәселесі талқыланды.
Бұдан бөлек академиялық алмасу бағдарламаларын дамыту, студенттер санын арттыру және Сиань қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінің Шымкентте филиалын ашу мүмкіндіктері қарастырылды. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік сектордағы инвестициялық жобалардың келешегі, оның ішінде заманауи технологияларды пайдалана отырып гүл өсіру бағытындағы бастамалар сөз болды.
Кездесу соңында қала әкімі делегация мүшелеріне сапарлары үшін алғыс білдіріп, екі қала арасындағы серіктестікті одан әрі нығайту өзара ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді
